Ерте білім беру саласындағы халықаралық сыйлық: екі номинацияның әрқайсысына 100 000 АҚШ доллары
Khalifa International Award for Early Learning 2026–2027 халықаралық сыйлығына өтінім қабылдау басталды. Сыйлық туғаннан бастап сегіз жасқа дейінгі (сегіз жасты қоса алғанда) балалардың білім алуы мен дамуына ықпал ететін білім беру бағдарламаларына, педагогикалық тәжірибелерге және зерттеулерге беріледі.
Қазақстандық балабақша тәрбиешілері, бастауыш сынып мұғалімдері мен зерттеушілер қатыса алады. Өтінімдер жеке мамандардан, командалардан және ұйымдардан, соның ішінде балабақшалардан, мектептерден және білім беру орталықтарынан қабылданады. Ұсынылатын жұмыс көрсетілген жас тобындағы балаларға қатысты болуы керек.
Екі номинация
Үздік білім беру бағдарламалары, оқу жоспарлары, оқыту әдістемелері және педагогикалық тәжірибелер. Іске асырылған бағдарламаны немесе оқыту тәсілін ұсынуға болады. Бағдарламаның ерте білім беру тәжірибесіне және балалардың дамуына ықпалын растайтын, оны енгізуді немесе нәтижелерін бағалау барысында алынған деректерді ұсыну қажет.
Ерте білім беру саласындағы үздік зерттеулер. Зерттеу нәтижелері бұған дейін ғылыми мақалада, кітапта, кітап тарауында немесе есепте жарияланған болуы керек. Жарияланым өтінімді дайындауға негіз болады, бірақ оның орнын алмастырмайды.
Ұсынылатын жұмыс бакалавр, магистр немесе PhD дәрежесін не оларға теңестірілген біліктілікті алу талаптарының аясында орындалмаған болуы керек.
Жеңімпаздарға не беріледі?
Әр номинация бойынша бір жеңімпаз анықталады. Әрқайсысына 100 000 АҚШ доллары, марапат мүсіншесі, сертификат және Абу-Дабиде өтетін марапаттау рәсіміне шақыру беріледі. Ұйымдастырушылар жеңімпаздың рәсімге қатысу үшін әуе билеті, қонақүйде тұру және кіру визасы шығындарын өтейді. Еріп жүретін адамдардың шығындары өтелмейді.
Команда жеңіске жеткен жағдайда ақшалай сыйлық оның мүшелері арасында тең бөлінеді. Жеңімпаздардың жұмыстары HundrED есебінде де таныстырылады.
Өтінімге қандай материалдар дайындау қажет?
Қатысушыларға арналған нұсқаулыққа сәйкес өтінімге мыналар кіруі керек:
• жұмыстың қысқаша сипаттамасы — 300 сөзге дейін;
• негізгі мәтін — қысқаша сипаттаманы, пайдаланылған әдебиеттер тізімін және қосымшаны есептемегенде 10 беттен аспауы керек;
• қажет болған жағдайда кестелер, иллюстрациялар және растайтын материалдарға сілтемелер қамтылған 3 бетке дейінгі қосымша.
Рәсімдеу талаптары: ағылшын тілі, Times New Roman қарпі, 12 пт, бір жоларалық интервал, A4 немесе Letter форматы.
Бағдарламалар мен педагогикалық тәжірибелер бойынша төрт критерийді ашып көрсету қажет: жаңашылдық, маңыздылық, ықпалы мен нәтижелері, іске асыру мүмкіндігі мен тұрақтылығы. Зерттеулер үшін: жаңашылдық, маңыздылық, әдіснамалық қатаңдық және ықпал.
Өтінім беру формасында бес PDF файлын жүктеу қарастырылған: кәсіби түйіндеме (CV), жұмыстың қысқаша сипаттамасы, өтінім материалдарының толық жинағы, растайтын құжаттар және толтырылған міндеттемелер нысаны (Undertaking Form). Соңғы құжаттың үлгісі жеке кабинетте қолжетімді.
Өтінім беру тәртібі
Алдымен порталда тіркеліп, Submit Nomination бөлімінен Khalifa International Award for Early Learning (KIAEL) бағытын, тиісті номинацияны және өтінім берушінің түрін — жеке маман, команда немесе ұйым — таңдау қажет.
Аккаунт құру конкурстық өтінім берілді дегенді білдірмейді: тіркелгеннен кейін өтінім формасын толтырып, құжаттарды жүктеу керек.
Әр үміткер тек бір номинацияға өтінім бере алады. Бұған дейін марапат алған жұмыстарға қатысты да шектеулер бар, сондықтан өтінім берер алдында толық талаптармен танысу қажет.
Маңызды күндер
• 2026 жылғы 31 желтоқсан — өтінім берудің соңғы күні.
• 2027 жылғы қаңтар–наурыз — өтінімдерді тексеру және сараптамалық бағалау.
• 2027 жылғы сәуір — жеңімпаздарды жариялау.
• 2027 жылғы мамыр — марапаттау рәсімі.
Ресми талаптар және өтінім беру:
https://el.khaward.ae/
Қатысушыларға арналған нұсқаулық:
https://el.khaward.ae/general-instructions-to-candidates/
HundrED сайтындағы сыйлық туралы ақпарат:
https://hundred.org/en/collections/spotlight-on-early-learning-impact
Қатысу талаптары бойынша сұрақтар:
el.info@khaward.ae


