Call for Proposals: Таиландта өтетін Extensive Reading World Congress 2027 халықаралық конференциясына өтінім қабылдау басталды
Қазақстандық ағылшын тілі мұғалімдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен зерттеушілері 2027 жылғы 11–13 маусымда Таиландтың Бангкок қаласындағы Чулалонгкорн университетінде (Chulalongkorn University) өтетін 8th Extensive Reading World Congress 2027 халықаралық конференциясында баяндама жасауға өтінім бере алады. Қатысушыларға негізгі шығындарды өтеуге арналған стипендия алу мүмкіндігі де қарастырылған.
Конференция туралы
Extensive Reading World Congress — оқу дағдыларын дамытуға, шет тілдерін оқыту әдістемесіне және экстенсивті оқылым (Extensive Reading) саласындағы зерттеулерге арналған халықаралық конференция.
Іс-шараны тілдік білім беруде экстенсивті оқылымды дамытуға қолдау көрсететін кәсіби ұйым — Extensive Reading Foundation (ERF) ұйымдастырады.
Конференция ағылшын тілі мұғалімдерін, жоғары оқу орындарының оқытушыларын, зерттеушілерді және шет тілдерін оқыту саласындағы мамандарды біріктіреді.
Конференцияның негізгі бағыттары
Қатысушылар келесі бағыттар бойынша зерттеу нәтижелері мен педагогикалық тәжірибелерін ұсына алады:
Экстенсивті оқылым және тыңдалым (Extensive Reading and Extensive Listening);
Оқуға деген ынтаны дамыту (Reading Motivation);
Білім алушылардың дербестігін қалыптастыру (Learner Autonomy);
Сөздік қорды дамыту (Vocabulary Development);
Оқылым материалдарын әзірлеу және пайдалану;
Педагогикалық тәжірибені зерттеу (Classroom Research);
Білім беру ұйымдарында экстенсивті оқылым бағдарламаларын енгізу.
Конференцияда ауызша баяндамалар, практикалық шеберлік сабақтары және постерлік презентациялар сияқты әртүрлі қатысу форматтары қарастырылған.
Marc Helgesen Global Scholarship стипендиясы
Ұйымдастырушылар бағдарлама талаптарына сәйкес келетін елдердің, соның ішінде Қазақстанның қатысушыларына конкурстық негізде қаржылық қолдау ұсынады.
Стипендия келесі шығындарды қамтиды:
1 000 АҚШ долларына дейінгі әуе билеті;
Бес түнге қонақүйде тұру;
Конференцияға тіркелу жарнасы;
Шағын көлемдегі тәуліктік шығындар;
Қажет болған жағдайда виза рәсімдеу шығындарын өтеу;
Мәдени экскурсияға қатысу.
Стипендия конкурстық негізде тағайындалады. Белгіленген қаржыландыру шегінен асатын шығындарды қатысушы өз қаражаты есебінен өтеуі мүмкін.
Стипендияға үміткерлер Extensive Reading немесе Extensive Listening бағытында оқыту немесе зерттеу жүргізу тәжірибесін растауы, сондай-ақ қаржылық қолдаудың қажеттілігін негіздеуі тиіс.
Өтінімді қалай беруге болады?
Конференцияға қатысу үшін ағылшын тілінде conference proposal (баяндама ұсынысын) дайындау қажет. Аннотацияның (abstract) көлемі 150 сөзден аспауы тиіс.
Стипендия алуға ниетті үміткерлер алдымен конференцияға баяндама ұсынысын жіберіп, Presentation ID сәйкестендіру нөмірін алуы керек.
Одан кейін Marc Helgesen Global Scholarship бағдарламасына жеке өтінім беріледі.
Қажетті құжаттар:
Түйіндеме (CV);
400–600 сөзден тұратын мотивациялық хат;
Ұсыным хат;
Сапар шығындарының алдын ала есебі.
Стипендияға өтінім беру үшін конференция ұйымдастырушыларының баяндама ұсынысын қабылдау туралы түпкілікті шешімін күту міндетті емес.
Маңызды күндер
2026 жылғы 31 қазан — стипендияға өтінім берудің соңғы күні.
2026 жылғы 30 қараша — конференцияға баяндама ұсыныстарын қабылдаудың жалпы соңғы күні.
2027 жылғы 11–13 маусым — Бангкок қаласында конференцияның өткізілуі.
Стипендияға үміткерлер екі өтінімді де уақытында тапсыру үшін конференцияға баяндама ұсынысын 2026 жылғы 31 қазанға дейін жіберуі қажет.
Ресми сілтемелер
Конференцияның ресми сайты:
https://erfoundation.org/erwc8/
Стипендия туралы ақпарат:
https://erfoundation.org/erwc8/scholarships.html
Astana Bilim Academy Қазақстанның педагогикалық қауымдастығын кәсіби дамуға арналған халықаралық мүмкіндіктер туралы хабардар етеді.
Назар аударыңыз! Astana Bilim Academy аталған конференцияның ұйымдастырушысы болып табылмайды, қатысушыларды іріктеуге және стипендия тағайындауға қатыспайды. Ақпарат ұйымдастырушылардың ресми материалдары негізінде таныстыру мақсатында жарияланды. Қатысу талаптарын, өтінім беру мерзімдерін және басқа да шарттарды конференцияның ресми сайтынан нақтылауды ұсынамыз.


